Рәміздер күні: елордада абаттандырылған ауланың салтанатты ашылуы өтті

Рәміздер күні: елордада абаттандырылған ауланың салтанатты ашылуы өтті
Фото: Салтанат Мұратқызы

Астана қаласы «Сарайшық» ауданында ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай К.Әзербаев көшесі, 6 мекенжайында орналасқан абаттандырылған ауланың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Аталған көпқабатты тұрғын үй «Халық қатысатын бюджет» жобасы қатысушыларының бірі атанып, жоба аясында аулада кешенді абаттандыру жұмысы жүргізілген болатын.

«Биыл «Сарайшық» ауданы бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында барлығы 49 жоба ұсынылды. Оның ішінен сараптамалық кеңес ережеге сәйкестігін тексеріп, 33 жобаны дауыс беру кезеңіне өткізді. Дауыс беру қорытындысы бойынша жобаны іске асыруды бастап кеттік. Биыл 13 ауланы абаттандыруды қолға алдық. Міне, көп дауыс жинаған, тізімде ең бірінші тұрған жоба – К. Әзербаев көшесі, 6 мекенжайындағы абаттандыру жұмыстары аяқталды.

Әуелде мұнда жасанды көгал мүлдем болмаған. Заманауи жабын төселіп, жалпы аумағы шамамен 1 200 шаршы метрді құрайтын жасанды көгал төселді және жаттығу алаңына көлемі шамамен 70 шаршы метр тартатын жабын салынды.

Жобаны іске асыру барысында балалар ойын алаңының элементтері жаңартылып, шағын сәулеттік нысандар ауыстырылды, жаңа көше тренажёрлары орнатылды. Сонымен қатар, футбол алаңында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді», – деді Астана қаласы «Сарайшық» ауданы әкімі аппараты Абаттандыру бөлімінің бас маманы Еламан Нөкербеков.

Бұдан бөлек, ауланың сыртқы жарықтандыру тіректері жаңартылып, жаңа көшеттері отырғызылған. Ал тұрғын үй терезелеріне ілінген Мемлекеттік ту мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің оркестрі орындаған патриоттық әуендер бүгінгі айтулы күннің айбынын асқақтатып тұрды.

«Мемлекеттік рәміздерді насихаттау мақсатында іс-шара барысында «Терезеге ту» акциясы ұйымдастырылып, тұрғын үйдің терезелері мен балкондарына Мемлекеттік ту орналастырылды. Сондай-ақ, іс-шара аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің оркестрі өнер көрсетіп отыр. Оркестр Әнұранды тұрғындармен бірге орындап, патриоттық және мерекелік музыкалық шығармаларды ұсынуда», - деді іс-шара барысы туралы Астана қаласы «Сарайшық» ауданы әкімі аппаратының Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мұхамет Сиптанов.

Ресми бөлімнен кейін тұрғындар үшін аниматорлардың қатысуымен балаларға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары және белсенді шаралар ұйымдастырылды.

«Осы тұрғын үйде 4 жылдан бері тұрамын. «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша тұрғындар бірігіп дауыс беріп, бүгін нәтижесін көріп отырмыз. Өзім көпбалалы анамын. Үйіміздің қасындағы ауламыз жаңартылып, ұл-қыздарымыз алысқа бармай, көз алдымызда асыр салып ойнап жүргеніне қуанышымыз шексіз», - деп ризашылығын білдірді қала тұрғыны Мөлдір Байділдаева.

Айта кетейік, ауланы абаттандыру жұмыстары барлық жастағы тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталған.