Қазіргі уақытта Абайға арналған 17 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр – Саясат Нұрбек
Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Абай күні – күнтізбедегі атаулы күн ғана емес. Бұл – Абай мұрасының ұлттық санадағы, білім мен ғылымдағы орнын тереңірек пайымдауға мүмкіндік беретін маңызды күн. Бүгін біз ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының мұрасына тағы бір мәрте назар аударамыз. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Абай күніне орай әлеуметтік желіде жариялаған материалында осы мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Мен Семей өңірінде дүниеге келдім. Абайдың туған өлкесі, Шыңғыстау мен Семейдің тарихи-мәдени ортасы бала кезден таныс. Сондықтан Абай мұрасы мен үшін туған жердің тарихымен және зияткерлік кеңістігімен тікелей байланысты.
Бүгінде Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу – отандық гуманитарлық ғылымның маңызды бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта еліміздің бес өңіріндегі 11 ғылыми ұйым мен университеттерде Абайға арналған 17 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Зерттеулер «Толық адам» ілімінің қалыптасу негіздерін, Абай дүниетанымының түркі әлемімен, Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен, шығыс және еуропалық интеллектуалдық дәстүрлермен сабақтастығын қамтиды. Сонымен қатар ақын шығармалары заманауи ғылыми әдіснамалар, оның ішінде Юнгтің архетиптік теориясы негізінде де қарастырылуда. Зерттеу нәтижесінде жаңа монографиялар, электрондық каталогтар, поэтологиялық тезаурус пен ғылыми дерекқорлар әзірленеді», - дейді ол.
Оның айтуынша, бұл жұмыстардың маңызы Абай мұрасын сақтау немесе насихаттаумен ғана шектелмейді. Негізгі міндет – оның шығармашылық және философиялық мұрасын жүйелі ғылыми айналымға енгізу, жаңа әдіснамалар негізінде зерделеу және қазіргі қоғамдық үдерістермен сабақтастығын ашу. Абайды тарихи тұлға ретінде танумен қатар, оның интеллектуалдық мұрасын ғылыми зерттеу нысаны ретінде қарастыру маңызды.
«Абайдың білім мен ғылым туралы тұжырымдары бүгін де мәнін жоғалтқан жоқ. 32-қара сөзінде ол ғылымды белгілі бір мақсатқа жетудің құралы ретінде ғана емес, ақиқатты тануға бағытталған құндылық ретінде қарастырады. Сонымен бірге білімді игеру адамның мінезімен, табандылығымен және жауапкершілігімен тікелей байланысты екенін көрсетеді.
Бұл қағида қазіргі технологиялық өзгерістер жағдайында ерекше мәнге ие. Жасанды интеллект ақпаратты іздеу, өңдеу және талдау мүмкіндігін түбегейлі өзгертті. Соған сәйкес білім берудің міндеті де ақпаратты жеткізумен шектелмеуі тиіс. Басты мәселе – алынған білімді саралай алатын, оны жауапкершілікпен қолданатын және дербес шешім қабылдайтын тұлға қалыптастыру.
Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген тұжырымы осы тұрғыдан бүгінгі білім беру жүйесі үшін де маңызды. Университеттердің міндеті кәсіби құзыреті жоғары маман даярлаумен қатар, сыни ойлайтын, білімін қоғам игілігіне бағыттайтын және өз шешіміне жауап бере алатын азамат қалыптастырумен сабақтасуы қажет», - деп жазды С.Нұрбек.
Министр сөз соңында барша қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады.
«Абай мұрасын жүйелі зерттеу, жаңа ғылыми тұрғыдан пайымдау және оның білім, ғылым, адам туралы идеяларын кейінгі буынға жеткізу – ұлттық гуманитарлық ғылымның маңызды міндеттерінің бірі», - деп атап көрсетті ол.
Еске салайық, бұған дейін Сенатының бұрынғы төрағасы, қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев көпшілікті айтулы күнмен құттықтап, Абай мұрасының қазіргі қоғам үшін маңызына тоқталған болатын.