Қазбек Майгелдинов: Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалог көпіріне айналады
«Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаңда саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Конституция жобасында көзделген жаңа институт – Халық кеңесінің рөлі мен маңызына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының айтуынша, Конституцияға енгізілетін Халық кеңесі қоғамдық ұйымдар, ұлттық-мәдени бірлестіктер және өңірлік мәслихаттар өкілдерінен құралады. Бұл құрылым азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік басқару процесіне қатысуын кеңейтіп, шешім қабылдау тетіктерінің ашықтығын арттыруға ықпал етпек.
«Конституцияға жаңа институт – Халық кеңесі енгізілуде. Оның құрамы қоғамдық ұйымдар, ұлттық-мәдени бірлестіктер және өңірлік мәслихаттар өкілдерінен қалыптастырылады.
Негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогтың көпіріне айналу», - дейді сарапшы.
Қазбек Майгелдиновтің пікірінше, Халық кеңесі мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогтың тұрақты платформасына айналуы тиіс. Ол қоғамдық пікірді жүйелі түрде жинақтап, өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа институт қоғамдық келісімді нығайтып, түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін ескеруге жол ашады. Бұл өз кезегінде басқару жүйесінің инклюзивтілігін арттырып, халықтың мемлекеттік реформаларға деген сенімін күшейтуге бағытталған.