Жолаушыларды тасымалдау кезінде жүргізушілердің мобильді құрылғыларға алаңдауы жол қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Соңғы оқиғалар тәртіпті күшейтіп, жолаушылардың өмірін қорғау үшін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеді. ҚазАвтоЖол компаниясы қауіпсіздік ережелерін еске салып, жүргізушілерге үндеу жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жақында Астана–Павлодар бағыты бойынша болған жағдай бірқатар жүргізушінің бірнеше сервиске тіркеліп, қозғалыс кезінде хабарлама жазуға, қосымша тапсырыс қарауға, әлеуметтік желілер мен бейнематериалдарға назар аударуға әуестігі бар екенін көрсетті. Мұндай әрекеттер көлік жүргізуге кедергі келтіріп қана қоймай, жолаушының өміріне тікелей қауіп төндіреді. Бұл — жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі заң талаптарын өрескел бұзу, — делінген хабарламада.
Осыған байланысты төмендегі қағидаларды қатаң есте сақтауға шақырды:
1. Көлік жүргізу кезінде телефон қолдануға тыйым салынады. Тек дауыс зорайтқыш арқылы сөйлесу немесе жолдан алаңдатпайтын навигациялық жүйелерді пайдалану рұқсат етіледі.
2. Бірнеше сервисте қатар жұмыс істеу көлік басқару процесіне кедергі келтірмеуі тиіс.
3. Жолаушы ескерту жасаған жағдайда оны құрметпен қабылдап, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін әрекеттерді дереу тоқтату қажет.
4. Қағидаларды бұзу айыппұл салуға, сервистен шеттетілуге, сондай-ақ заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
5. Әрбір рейсте басты назар — жолаушының қауіпсіздігі мен көлікті апатсыз басқару.
Жолаушы амандығы — баршамызға ортақ жауапкершілік. Сапалы қызмет көрсету, кәсіби тәртіп пен ұқыптылық — сіздің абыройыңыз бен саланың беделін арттыратын негізгі өлшемдер.
Қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жолаушыларға сенімді, жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетейік.
Еске сала кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстанда жол апатынан 8 адам көз жұмғанын жазған едік.