Қазақстанда шөлейттенуге қарсы күресте жаңа биотехнология қолданылуы мүмкін
Қазақстанда шөл балдырлары биотехнологиясын топырақты қалпына келтіру, шөлейттенуге қарсы күрес және экологиялық ауыл шаруашылығын дамыту бағытында пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қытайдың «Цзи Ди Цзао (Бейжің) Биотехнологиялар» компаниясының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында шөл балдырлары биотехнологиясын Қазақстан жағдайына бейімдеу, оны экожүйені қалпына келтіруде қолдану және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Тараптар сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанында жүргізілген тәжірибелік жұмыстардың нәтижелеріне тоқталып, аталған технологияның тиімділігін бағалады.
Кездесу қорытындысында шөл балдырлары биотехнологиясының әлеуетін жан-жақты зерделеу және осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұған дейін қазақстандық ғалымдардың тозған жайылымды қалпына келтіру технологиясын патенттегенін жазған болатынбыз.