Референдум-2026

Қазақстанда пластикалық ота жасайтын клиникаларға жаппай тексеру жүргізіледі

Қазақстанда пластикалық ота жасайтын клиникаларға жаппай тексеру жүргізіледі
Фото: pexels.com

Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Министрліктің мәліметінше, медициналық ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатындағы тексерулер Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен келісілген. 

Ведомствоның хабарлауынша, тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. 

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері 2021 жылдан бері пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Оның басым бөлігі 2024 жылы азаматтардан түскен шағымдар мен өтініштердің көбеюіне байланысты ұйымдастырылған. 

Тексеру нәтижесінде лицензиялық талаптардың, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарының және медициналық құжаттаманы жүргізу қағидаларының бұзылғаны анықталған. Сондай-ақ бірқатар медициналық ұйымдардың қажетті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсеткені белгілі болды. 

Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін медициналық ұйымдарға орындауға міндетті нұсқамалар берілді. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Бақылау шаралары аясында пластикалық операциялардан кейін адам өліміне әкелген жекелеген жағдайлар бойынша да жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Мұндай оқиғалардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тіркелген. Тексеру материалдары заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. 

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заң талаптарының сақталуын бақылау және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді. 

Бұдан бұрын қазақстандықтардың енді зейнетақы жинақтарын пластикалық операцияларға пайдалана алмайтынын жазғанбыз