Қазақстанда мұнай-газ химиясының өндірісі 2 есеге өседі
Астанада өткен XIII «KAZNEFTEGAZSERVICE - 2026» конференциясында Энергетика министрлігі департаментінің директоры Темірлан Үркімбаев мұнай-газ химиясы саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарын таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Секторды дамытудың негізгі бағыты – шикізатқа тәуелділіктен арылып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу. Соңғы жылдары салада тұрақты өсім байқалады. Мұнай-газ химиясы өнімдерінің көлемі 2023 жылы 358 мың тонна болса, 2025 жылы 619 мың тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 1 220 мың тоннаға артады деп жоспарланып отыр.
Бұл өсімнің негізін ірі инвестициялық жобалар құрайды. 2022 жылы Атырауда полипропилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені KPI іске қосылды. Оның өндіріс көлемі былтыр 375 мың тонна болды.
Мұнай-газ-химия және техникалық реттеу департаментінің директоры Темірлан Үркімбаевтың айтуынша, ел тарихындағы ең ірі жобаның бірі – жылына 1,25 млн тонна полиэтилен шығаратын «Полиэтилен» зауыты салынып жатыр. Оны 2029 жылы іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар Павлодар облысында алкилат өндіретін зауыт салынып жатыр. Бұдан бөлек, карбамид (880 мың тонна) және бутадиен (340 мың тонна) өндіру жобалары да қатар қолға алынған. Мұнай-газ химиясын дамытудың 2030 жылға дейінгі Жол картасы аясында негізгі төрт ірі жобаға 12 млрд доллар инвестиция салынды Бұл шамамен 2,4 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл заң кәсіпорындарға шикізат базасына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жаңа инвестициялар тартуға және саланың тұрақты дамуын қолдауға бағытталған.
Сондай-ақ, отандық компанияларды ірі жобаларға тарту және халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеу үшін арнайы Жұмыс тобы құрылды. Бұл топ Испаниялық Tecnicas Reunidas және Италиялық Maire Tecnimont сияқты халықаралық EPC мердігерлермен ынтымақтастықты үйлестіріп, жобаларды тиімді жүзеге асыруға жағдай жасайды.
Еске сала кетсек, Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және Хорватияның көмірсутек мәселелері жөніндегі агенттігінің еншілес компаниясы – GEOENERGIJA RAZVOJ d.o.o. арасында Ақтөбе облысындағы Шығыс учаскесінде көмірсутектерді барлау мен өндіру бойынша келісімшарт жасалды.