Қазақстанда денсаулық сақтау саласының бастапқы буыны үшін дәрігер кадрларын даярлау күшейтілуде
2025 жылы Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) пен амбулаториялық-емханалық көмекті (АЕК) нығайту шеңберінде интернатурада ең сұранысқа ие алты мамандық бойынша дәрігерлерді даярлау басталды. Олар: жалпы практика дәрігері (ЖПД), терапия, педиатрия, хирургия, балалар хирургиясы және акушерлік-гинекология. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл шаралар, ең алдымен, бастапқы буын деңгейінде халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Денсаулық сақтау жүйесін білікті балалар мамандарымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Резидентурада 14 педиатриялық дәрігерлік мамандық ашылды, бұл балалар денсаулығын сақтау қызметінің кадрлық әлеуетін нығайтып, мамандандырылған көмектің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірлердің кадрлық қажеттіліктерін ескере отырып, резидентурада мақсатты орындар бөлінді, сондай-ақ білім беру ұйымдары, жергілікті атқарушы органдар және дәрігер-резиденттердің арасында үлгілік үшжақты шарт бекітілді. Бұл тетік жас мамандарды өңірлерде тұрақтандыруға және жергілікті жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар жоғары медициналық білім беру деңгейінде де даярлау күшейтілді. Білім беру бағдарламаларында базалық пәндер нығайтылып, өту балының көтерілуі арқылы талапкерлерге қойылатын талаптар арттырылды, сондай-ақ шетелдік талапкерлер үшін қосымша талаптар енгізілді, оның ішінде ағылшын тілін меңгеру деңгейін міндетті түрде растау қарастырылған.
Аталған шараларды іске асыру дәрігер кадрларын даярлау сапасын арттыруға, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге және халыққа тиімді медициналық көмектің негізі ретінде бастапқы буынды нығайтуға мүмкіндік береді.
.