Қазақстанда цифрлық жұмыспен қамту қызметі іске қосылады

Бүгін, 17:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда цифрлық жұмыспен қамту қызметі іске қосылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда жұмыспен қамту саласы сапалы жаңа кезеңге өтуде. Бүгінгі таңда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық қызметі мен шаралары толық цифрландырудан өтті. Келесі қадам – мемлекет азаматтың өтінішін күтпей, алдын ала әрекет ететін проактивті модельге көшу. Осы жұмыс аясында «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы іске асырылуда. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жобаның мақсаты – деректер мен жасанды интеллект технологияларының көмегімен азаматты тұрақты жұмыспен қамтуға дейінгі бүкіл жолында дербестендірілген сүйемелдеуді қалыптастыру.

Спикер жүйенің жұмыс істеу тетігін білім беру ұйымдарының түлектері мысалында түсіндірді. Білім туралы деректерді талдай отырып, цифрлық сервис түлекке жұмыспен қамтуға жәрдемдесу немесе біліктілікті арттыру жөнінде ұсыныспен хабарлама жібереді. Пайдаланушы қалаған лауазымын және жалақы деңгейін көрсеткеннен кейін, жүйе автоматты түрде сәйкес бос жұмыс орындарын іріктейді. Осындай тәсілді жұмысынан айырылған азаматтарға қатысты да қолдану жоспарлануда.

Вице-министр студенттердің өндірістік практикасы Enbek.kz платформасында толық цифрлық форматқа көшірілгенін атап өтті. Жүйе барлық кезеңді қамтиды – білім беру ұйымдарынан сауалнамаларды алудан бастап түйіндемелерді орналастыруға және практика орнын таңдауға дейін. Бұл ретте студенттер мен жұмыс берушілер үшін таңдау мүмкіндігі қамтамасыз етілген, сондай-ақ есеп беру күнделігі цифрландырылған.

Қазақстанда платформалық жұмыспен қамту белсенді дамуда. Жүйеге қазірдің өзінде 20-дан астам интернет-платформа қосылған, ал қатысушылар саны 395 мың адамнан асты. Әлеуметтік аударымдардың жалпы көлемі зейнетақы, әлеуметтік және медициналық жарналарды қоса алғанда 10,7 млрд теңгеден асты.

«Бұл жоба азаматтарды ресми жұмыспен қамтуға және олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жұмыс платформалар санын кеңейтуге және жаңа қатысушыларды тартуға бағытталады», – деп атап өтті Бақтияр Жазықпаев.

Сөз соңында спикер еңбекті қорғаудағы жаңа тәсілдерге тоқталды.

«Біз тек бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, деректер негізінде тәуекелдерді басқаруға көшеміз. Қазірдің өзінде негізгі процестер цифрлық форматқа көшірілді. Шарттар, тексерулер, жазатайым оқиғаларды тергеу – барлығы бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ең бастысы, біз еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасын қалыптастырдық. Бұл проблемалық аймақтарды кейін емес, алдын ала көруге мүмкіндік береді. Келесі қадам – жасанды интеллектіні қосу. Ол жазатайым оқиғалардың себептерін талдауға және тәуекелдерді болжауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде біз «көрсеткіш үшін» жүргізілетін тексерулер азайып, жұмыс орындарындағы нақты қауіпсіздік арта түсетін превентивті модельге көшеміз», – деді ол.