Қазақстан жеті жыл үзілістен соң Моңғолияға бизнес-миссия жіберді
Қазақстан 7 жылдан кейін Моңғолия нарығына қайта шықты. Бұл тек кезекті іссапар емес, экспорттық саясатты қайта қарау және жаңа нарықтарды игеруге бағытталған маңызды қадам, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сауда миссиясы Улан-Батор қаласында өтеді. Оған Сауда және интеграция министрлігі мен QazTrade өкілдері қатысады.
Делегация құрамына әртүрлі саланың өкілдері кірген. Атап айтқанда, азық-түлік, фармацевтика және өнеркәсіп бағыттарындағы қазақстандық компаниялар бар.
Неге Моңғолия?
Министрліктің мәліметінше, Моңғолия нарығы үлкен болмағанмен, дәл осындай нарықтар қазір маңызды бола бастаған.
«Ең бастысы логистика түсінікті әрі жақын. Сондай-ақ Қазақстан Моңғолияға негізгі керек азық-түлік, құрылыс материалдары, отын және жабдықтар ұсына алады», – делінген хабарламада.
QazTrade-тің соңғы статистикасына сүйенсек, 2025 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 133 млн доллардан асқан. Оның ішінде Қазақстанның экспорты – 123 млн доллар. Болжам бойынша алдағы жылдары бұл көрсеткіш өседі. Жалпы көлемі 500 млн долларға дейін жетуі мүмкін.
Моңғолияға шығарылған экспорттың шамамен 90 пайызы дайын өнім. Яғни шикізат емес, дайын тауар жеткізіледі.
Моңғолия Қазақстаннан ұн, астық, май, тәттілер, сусындар сияқты күнделікті қажет өнімдерді алады. Сонымен қатар құрылыс материалдары, металл және отын да жеткізіледі. Тау-кен саласына арналған жабдық, химия және қаптамаға да сұраныс бар.
Кімдер барады?
Моңғолия нарығындағы сұранысты ескере отырып, миссияға экспортқа дайын қазақстандық компаниялар дайындалған. Олар нақты өніммен және дайын ұсыныспен шығады.
QazTrade бұған дейін нарықты зерттеп, негізгі бағыттарды анықтаған болатын. Сондықтан делегация құрамы да соған сай қалыптастырылған. Атап айтқанда, азық-түлік, сусын өндірушілер, құрылыс материалдарын шығаратын компаниялар, сондай-ақ медициналық жабдық өндірушілер бар.
Бұл бизнес кездесу танысу миссиясы емес. Сапардың негізгі мақсаты – нақты келісімдерге шығу.
Аграрлық және өнеркәсіптік байланыс
Қазақстанның негізгі артықшылықтарының бірі – астық өндірісі. Соңғы жылы елде 27,1 млн тонна рекордтық өнім жиналған болатын. Ал Моңғолияда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Осы екі бағытта бірін-бірі толықтырып, бірлесіп жұмыс істеу жоспарланып отыр.
«Яғни әңгіме тек Қазақстан экспорттайды деген сөз емес. Екі ел бірге өңдеп, кейін өнімді үшінші нарықтарға да шығара алады. Сондықтан бұл миссия уақытша сапар емес, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың бастамасы», – деді QazTrade бас директоры Айтмухаммед Алдажаров.
Бұған дейін жыл басынан бері 3,3 мыңға жуық адамға қандас мәртебесі берілгенін жаздық.