Қазақстан Женевада «Ұлы дала мұрасы» ұлттық көрмесін ашты
Женевада Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының 68-сериясы аясында Қазақстанның «Ұлы дала мұрасы» ұлттық көрмесі ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрменің ашылуына ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі мен өзге де халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан, сондай-ақ ДЗМҰ Бас директоры Дарен Танг пен шетелдік делегациялардың өкілдері қатысты.
Экспозицияда Қазақстанның бай мәдени мұрасы мен ұлттық бірегейлігі таныстырылды. Көрмеге сәндік-қолданбалы өнер туындылары, ұлттық киім үлгілері, музыкалық аспаптар және дәстүрлі тұрмыс бұйымдары қойылған.
Көрменің негізгі бөліктерінің бірі – Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейімен бірлесіп дайындалған «Қазақстан кескіндемесінің жауһарлары» атты иммерсивті мультимедиялық инсталляция. Жоба қазақстандық бейнелеу өнерін заманауи цифрлық технологиялар арқылы халықаралық аудиторияға жаңа форматта ұсынуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Joshy Qazaq National Group» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, қонақтарға қазақтың музыкалық және гастрономиялық дәстүрлері таныстырылды.
Әділет министрлігінің мәліметінше, «Ұлы дала мұрасы» көрмесі ДЗМҰ штаб-пәтерінде 2026 жылғы 15 шілдеге дейін жалғасады. Іс-шара Қазақстанның тарихи және шығармашылық мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған Ассамблеялардың мәдени бағдарламасының маңызды бөлігі саналады.
Бұған дейін Қазақстанда Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының оқу орталығы ашылатыны туралы жазған болатынбыз.