Қазақстан спутниктен алынған деректерді экспортқа шығарып жатыр ма
Бұл туралы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Аманат Үмбетбаев Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«2020 жылға дейін көбінесе тек деректер сатылған. Себебі сол уақытқа дейін нарық түсірілімдерді ғана қабылдаған. Бірақ 2020 жылдан кейін түсірілімдер емес, көбінесе нарықта аналитикаға бетбұрыс күшейді. Мысалы, қазіргі нарықта ғарыштан түсірілген сурет аса қатты қызықты болмауы мүмкін. Одан гөрі суреттен алынған мәліметтер қажеттілігі басым. Сондықтан «Қазақстан Ғарыш сапары» компаниясы ең біріншіден, суреттерді дистрибьюторлар арқылы экспортқа шығарады. Бізде ондай сыртқа сатылымға шығып жатқан жобалар бар. Сонымен қатар біз кейбір нарықты дамыту жұмыстарымен де айналысамыз. Мысалы, Орталық Азиядағы көршілес, бауырлас мемлекеттерде нарықты дамытуымыз керек. Бұл жерде негізінен коммерциялық бағыт көзделмейді. Егер өңірімізде осы сала қатар дамыса, әрі қарай ғылыми жобаларды бірлесіп жасап, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік кеңейеді. Жалпы, біздің деректерге сұраныс бар. Экспортқа шығарылып, сатылып жатыр. Негізінен дистрибьюторлық жүйе арқылы сатылады. Қазіргі таңда бізде 23 дистрибьюторымыз бар. Олардың әрқайсысы қажет кезінде суреттерімізді сатады», – деді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі.
Оның сөзінше, кейбір жобаға қатысуға мүмкіндік болмайды. Өйткені орбитадағы бір метрлік бір аппарат, 6,5 метрлік бір аппарат, 17 метрлік тағы бір аппаратымыз үш түрлі болғандықтан, түсіру жиілігі аз.
«Кейбір жағдайда белгілі бір уақыт ішінде қажетті суреттерді түсіруге аппараттың күші жетпейді. Жалпы, бүгінде барлық елде сұраныс жоғары. Әрине, өздерінің спутниктері бар АҚШ, Қытай елдерін айтпағанда, Орталық Азия, Африка, Еуропа елдерінен сұраныс зор деуге болады. Қазіргі таңда біз дистрибьюторлар арқылы көбінесе суреттен гөрі аналитиканы, мысалы, мониторинг қызметінің нәтижелерін, цифрлық платформаларды сатуға тырысамыз», – деді Аманат Үмбетбаев Elordainfo.kz тілшісіне.
Сұхбаттың толық нұсқасын осы жерден оқи аласыз.
Сонымен қатар Еуразия ұлттық университетінің Ғарыштық техника және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Асыл-Дастан Базарбекпен сұхбат құрған едік.