Қазақстан спортшылары І тоқсанда 200 медаль жеңіп алды
2026 жылдың бірінші тоқсанында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған отандастарымыз жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы 200 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Жерлестеріміз жазғы олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінде 138 медаль иеленді. Оның ішінде 51 алтын, 39 күміс және 48 қола бар.
Ұлттық спорт түрлерінен 22 медаль (9 алтын, 6 күміс, 7 қола) қоржынға түсті.
Параспортшылар да жоғары нәтиже көрсетіп, 34 медальға қол жеткізді. Оның ішінде 15 алтын, 10 күміс және 9 қола медаль бар. Атап айтқанда, паралимпиадалық спорт түрлерінде 24 медаль (7 алтын, 8 күміс, 9 қола), ал паралимпиадалық емес бағыттарда 10 медаль (8 алтын, 2 күміс) жеңіп алынды.
Қысқы спорт түрлерінде де қазақстандықтар жақсы нәтиже көрсетіп, 6 медаль (4 алтын, 2 күміс) еншіледі.
Осылайша, 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан құрамасы жалпы 200 медаль (79 алтын, 57 күміс және 64 қола) олжалады.
Сонымен қатар алғашқы тоқсанда отандастарымыз бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, велотректен жасөспірім қыздар құрамасы Филиппиннің Тагайтай қаласында өткен Азия чемпионатында командалық із кесу жарысында тарихи алтын медаль жеңіп алды.
Швейцарияның Айроло қаласында өткен фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Асан Асылхан алтын медальға ие болса, Дінмұхаммед Райымқұлов күміс жүлдегер атанды. Ал Әзербайжанның Баку қаласында өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогі кезеңінде Милад Карими екі күміс медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар конькиші Кристина Шумекова жасөспірімдер арасында әлемнің абсолютті чемпионы атанып, бес алтын медаль еншіледі. Бұл – Қазақстан спорты үшін маңызды тарихи жетістік.
«Туризм және спорт министрлігі алдағы уақытта да жоғары жетістіктер спортын дамыту және ұлттық құрамаларды алдағы халықаралық жарыстарға дайындау жұмыстарын жалғастырады», - деп хабарлады ведомствода.
Еске салсақ, бокстан Моңғолия астанасы Ұланбатырда өтіп жатқан Азия чемпионатында астаналық боксшы Валентина Хальзова қола жүлдегер атанды.