Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құрайды
Астанада Үндістан Республикасының 77-ші Ұлттық күні аталып өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Я.К.Сайлас Тангал және т.б. құрметті ме ймандар қатысты.
Елші өз сөзінде Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда көлемі шамамен 1 миллард АҚШ долларын құрайтынын айтты
«Қазақстан - Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет қана емес, сонымен қатар Үндістанның осы өңірдегі ең ірі сауда серіктесі. Екіжақты сауда көлемі шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Ақпараттық технологиялар мен финтех, жасанды интеллект, аса маңызды пайдалы қазбалар, фармацевтика мен денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өңдеу, тоқыма, құрылыс, энергетика, соның ішінде жаңартылатын энергия көздері, сондай-ақ, логистика салаларында өзара толықтырушылықтың зор әлеуетін көріп отырмыз. Осы өсімді қолдау мақсатында тараптар жерүсті және әуе қатынасын жақсарту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде», - деді Елші.
Спикердің айтуынша, 2025 жылы Қазақстанға Үндістаннан 250 мыңға жуық турист келген. Осыған байланысты Үндістан тарапы Қазақстан азаматтарына 30 күнге туристік және медициналық виза беру туралы шешім қабылдаған.
«Үндістан Сыртқы істер министрлігінің ITEC бағдарламасы мен ICCR стипендиялық бағдарламасы Үндістан мен Қазақстан арасындағы байланыстарды нығайтуда. Қос ел ШЫҰ, БРИКС, БҰҰ, АӨСШК және «Үндістан – Орталық Азия» диалогы секілді халықаралық алаңдарда тығыз ынтымақтастық орнатып отыр», - деді Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Я.К.Сайлас Тангал.
Іс-шара барысында елордадағы Swami Vivekananda мәдени орталығы келушілерге мәдени бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ, Үндістанның Шай кеңесі мен Кофе кеңесінің қолдауымен үнді шайы мен кофесін ілгерілетуге арналған таныстырылымы болды.