Қазақстан мен Сербия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіре отырып, бұл сапар Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толу қарсаңында өтіп жатқанына назар аударды.
– Сербия Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктесіміз саналады. Көптеген саладағы өзара тиімді байланыстарымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Бүгін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тәсілдерін талқыладық. Өз тарапымыздан екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге барлық жағдайды жасайтынымызды жеткізгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Белград арасында конструктивті саяси диалог жолға қойылып, парламентаралық байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен іскерлік топтардың ықпалдастығы дәйекті түрде дамуда.
Қазақстанда 60-тан астам сербиялық компания қызмет етеді.
Президент Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмыс атқарып жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы сапар аясында Сербиядан іскерлік топ өкілдері келгенін құптады. Кеше өткен Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің нәтижесі сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейте түсетініне сенім білдірді.
Президент еліміздің бірқатар халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Сербия тарапына ризашылығын жеткізді.
Александр Вучич қонақжайлық танытқаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Белград Астанамен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады
Сербия Президенті қазақстандық компаниялардың ортақ жобаларға, әсіресе, құрылыс саласына қосар үлесін арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
– Біз Қазақстан ұсынған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңдайалды жобалар болмақ. Сондай-ақ қазақстандық SCAT компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгейлі еркіндік беру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Ортақ іс-қимыл арқылы аталған мәселені шеше алатынымызға сенімдімін. Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалаймыз. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартып қана қоймай, өзара мәдени, туристік байланыстарды жандандыруға да септігін тигізеді. Өз тарапымыздан Сіздің еліңіздің экономикасына инвестиция салғысы келетін сербиялық кәсіпкерлерді ынталандыруға барынша күш-жігер жұмылдырамыз, – деді Александр Вучич.
Сербия Президенті қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталығы секілді бағыттарда өзара ықпалдастықты арттыруға зор әлеует бар екеніне назар аударды.
Сонымен қатар ол Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді жоғары бағалап, мұны әлемдегі өсіп-өркендеудің үлгісі деп атады.
Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар, атап айтқанда, сауда-инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, құрылыс және туризм салаларындағы ықпалдастық мәселелері қарастырылды.