Қазақстан мен Моңғолия азаматтарының расталған еңбек өтілімен зейнетақы тағайындалатын келісім мақұлданды

Қазақстан мен Моңғолия азаматтарының расталған еңбек өтілімен зейнетақы тағайындалатын келісім мақұлданды
Фото: freepik.com

Сенат Қазақстан мен Моңғолия арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң екі ел азаматтарының зейнетақы құқықтарын қамтамасыз етуге, еңбек өтілін есепке алу және төлем тағайындау тәртібін айқындайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстан 2019 жылдан екіжақты келісімнің болуына қарамастан, тұрақты тұру үшін келген этникалық қазақтардың еңбек өтілін біржақты тәртіпте есепке алып келді.

Ал келісімді ратификациялау нәтижесінде екі елдің белгіленген уәкілетті органдары зейнетақы төлемдерін дұрыс есептеу үшін қажетті деректерді алмасуды көздейді. Әр тарап өз ұлттық заңнамасына сәйкес, екі мемлекеттің аумағында жинақталған және расталған еңбек өтілін пайдалана отырып, зейнетақы тағайындайды.

ІІМ деректеріне сәйкес, қазір елімізде Моңғолияның 6,7 мың азаматы тұрады, олардың 6,2 мыңы қандастар.

Еске салсақ, Қаржылық мониторинг агенттігі 42 тіс емханасы арқылы 200 млрд теңге зейнетақы жинақтары заңсыз шығарылғанын анықтады.