Қазақстан 2026 жылға шет елдермен автомобиль тасымалдарына 150 мыңға жуық рұқсат бланкісін алмасады

Бүгін, 15:24
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қазақстан 2026 жылға шет елдермен автомобиль тасымалдарына 150 мыңға жуық рұқсат бланкісін алмасады
Фото: freepik.com

Бүгінгі күні отандық тасымалдаушылар әлемнің 42 елімен жасалған автомобиль көлігі туралы үкіметаралық келісімдер аясында жүк тасымалдарын жүзеге асырып келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған келісімдердің 33-і жүк тасымалына толық рұқсат беру жүйесін көздейді, 8-і тек үшінші елдерге және үшінші елдерден жүк тасымалдау үшін рұқсат беру жүйесін қарастырады (Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Армения, Румыния, Сербия, Иран (келісімге қол қойылған)), ал 2-і көлік құралдарының толық рұқсатсыз өтуін көздейді (Тәжікстан, Түрікменстан (келісімге қол қойылған)).

Осыған байланысты жыл сайын халықаралық автомобиль тасымалдары нарығындағы отандық мүдделерді ескере отырып, шетелдік уәкілетті органдармен рұқсат бланкілерін алмасу жүзеге асырылады. Бұл бланкілер автоматтандырылған жүйе арқылы бөлініп, өтінімдер негізінде отандық тасымалдаушыларға беріледі.

2025 жылы шетел мемлекеттерімен жалпы саны 506 мың дана рұқсат бланкісімен алмасу жүргізілді.

Осылайша, 2026 жылға 40 мемлекетпен шамамен 150 мың рұқсат бланкісін алмасу жөнінде алдын ала квота келісілді.

Бұл бағыттағы жұмыс келесі жылы да жалғасын табады.

Бұған дейін Қазақстанда автожолдарды жөндеудің нақты мерзімдері бекітілгенін жаздық.