Қазақконцерт: «Біздің жәрмеңке» ұлттық өнер мерекесі аясында мерейтойлық кештер өтеді
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында «Біздің жәрмеңке» ұлттық өнер мерекесі аясында мерейтойлық кештер өтеді. Бағдарлама қазақтың дәстүрлі өнеріндегі айтулы тұлғалардың мерейтойларымен сабақтасып, олардың шығармашылық мұрасын кеңінен танытуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық өнер мерекесінде өтетін негізгі іс-шаралардың бірі – жырау, фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың 70 жылдығына арналған «Біздің жәрмеңке – жыр-дастан» концерті. Кеш барысында жыраулық дәстүр мен ұлттық рухани мұраның бай қазынасын танытатын эпикалық шығармалар мен вокалдық өнер туындылары ұсынылады. Алмас Алматов – қазақтың дәстүрлі өнерін ел ішінде ғана емес, шетелде де кеңінен дәріптеп, насихаттап жүрген тұлға.
Жоба аясында белгілі күйші, фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтағанның 80 жылдығына арналған «Біздің жәрмеңке – күй шежіре» концерті өтеді. Бағдарлама мақсаты – күй өнерінің ұлттық мәдени мұрадағы орны мен маңызын айшықтау.
Сондай-ақ, Қазақстанның халық әртісі, әнші, композитор Дәнеш Рақышевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Біздің жәрмеңке – ән ғұмыр» концерті ұйымдастырылады. Сазгер есімі қазақтың ән өнері тарихында айрықша орын алып, бүгінде шығармашылық мұрасы ұлттық музыка мәдениетінің алтын қорына айналды.


