«Қасақана өртеуі мүмкін»: Астана – Алматы тасжолында АӨЖ жүйесі жанып кетті
Елімізде жол ережелеріне сәйкес келмейтін шамадан тыс ауыр жүк тасымалдайтын жүк көліктеріне бақылау күшейді. Жыл басынан бері көлік құралдарының салмақ параметрлерін бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу жүйелерінің (АӨЖ) өртенуіне қатысты үш жағдай тіркелді. Осы оқиғаның себеп-салдарын құқық қорғау органдары анықтап жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
28 тамызда «Астана – Қарағанды – Алматы» жолының 15-шақырымында, Күйгенжар елдімекені маңында тағы бір оқиға орын алды. Шамамен сағат 02:15-те АӨЖ нысанынан өрт шыққан. Жүйе көлік құралдарының өтуі туралы соңғы деректі сағат 02:11-де, яғни оқиғадан бірнеше минут бұрын тіркеген.
Оқиға орнына полиция және криминалистикалық қызмет мамандары шақырылды. Аппараттық құрылымдық ерекшеліктің арқасында оның ішіндегі жабдықтар жарамды күйде сақталған. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
«Бір жылдың ішінде мұндай үш жағдайдың тіркелуі алаңдатарлық жайт. Егер АӨЖ нысандарының қасақана зақымдалғаны анықталса, бұл жай ғана жол жабдығын істен шығару емес. Мұндай әрекет жолдардың сақталуын қамтамасыз ететін, мемлекеттік бақылау жүргізуге және көліктердің белгіленген салмақ нормаларын сақтауын қадағалауға арналған нысандарға зиян келтіру ретінде қарастырылады», делінген хабарламада.
АӨЖ ауыр жүк көліктерінің жалпы салмағы мен әр оське түсетін жүктемені автоматты түрде өлшеп, тіркеп отырады. Бұл жүйенің негізгі міндеті – автомобиль жолына шамадан тыс салмақ түсетін көліктерді қадағалау.
Көлік белгіленген нормадан артық жүкпен тұрақты жүрсе, жол төсемі тез бұзылады. Соның салдарынан асфальтта ойықтар мен деформация пайда болып, жолдың пайдалану мерзімі қысқарады. Ал мұндай жолдарды қайта жөндеу үшін қосымша қаражат қажет. Яғни, жүк көліктерінің шамадан тыс салмағынан келетін шығынның түпкі салмағы қоғамға түседі.
«ҚазАвтоЖолдың» ұстанымы анық. Мақсат – жүк көліктеріне қарсы күресу емес, көліктердің артық жүкпен жүруіне жол бермеу. Күн сайын мыңдаған тасымалдаушы заң талаптарын сақтап, өз жұмысын атқарып келеді. Алайда артық жүк тасымалдау жолдардың жағдайына және басқа жүргізушілердің қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі керек.
«Жүк тасымалдаушыларды белгіленген салмақ және осьтік жүктеме нормаларын қатаң сақтауға шақырамыз», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін артық салмақпен жүк тасымалдаушыларға «ҚазАвтоЖол» ескерту жасағанын хабарладық.