Қарулы Күштерде Абай күні қалай аталып өтеді
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде Абай күні дәстүрлі түрде мәдени-ағартушылық және тәрбиелік іс-шаралармен аталып өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, әскери бөлімдерде әдеби оқулар, челлендждер, тақырыптық кездесулер, мәнерлеп оқу байқаулары, зияткерлік викториналар, кітап көрмелері және ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық әңгімелер ұйымдастырылуда.
«Жас әскери қызметшілерді Абайдың шығармаларымен, оның ар-намыс, еңбек, білім, жауапкершілік және Отанға деген сүйіспеншілік туралы философиялық ойларымен таныстыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл құндылықтар әскери қызметтің негізгі қағидаттарымен үндесіп, жеке құрамның ішкі рухын нығайтуға және жоғары азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Абайдың шығармалары әскери бөлімдердің кітапханаларында кеңінен ұсынылған. Онда әскери қызметшілер оның әдеби мұрасымен танысып, бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпаған ой-тұжырымдарын тереңірек зерделеуге мүмкіндік алады.
Абай күніне арналған іс-шараларға әскери қызметшілер, әскери оқу орындарының курсанттары, Қарулы Күштердің ардагерлері және олардың отбасы мүшелері қатысады. Мұндай бастамалар ұлттық мәдени мұраны сақтауға, рухани бірлікті нығайтуға және жалпыадамзаттық әрі патриоттық құндылықтар негізінде Отан қорғаушылардың жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал етеді.
Еске салсақ, сегіз айда қазақ тілін меңгерген сарбаз Абай өлеңдерін жатқа айтып жүр.