Сегіз айда қазақ тілін меңгерген сарбаз Абай өлеңдерін жатқа айтып жүр
Ұлттық ұланның Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы жауынгер Артём Кудряшов Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа айтып, қара сөздерін тұрақты оқуды әдетке айналдырған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Артём әскерге келгенге дейін қазақ тілін білмеген. Алайда сегіз айдың ішінде мемлекеттік тілді меңгеріп, қызығушылығы артқаны соншалық, бос уақытын қазақ әдебиетін оқуға арнайтын болды.
«Хәкімнің мұрасы сарбаз үшін тіл үйренудің құралы ғана емес, қазақ халқының дүниетанымы мен рухани болмысын танудың жаңа әлемі іспетті. Әр шығармадан тағылым алып, әрбір қара сөзден өмірлік ой түйген жауынгердің мемлекеттік тілге деген ықыласы күн өткен сайын артып келеді. Қазір оның ең жиі парақтайтын кітаптарының бірі – Абай жинағы. Оған ақынның «Қыс» атты өлеңі айрықша ұнайды», - делінген хабарламада.
Ұлы ойшылдың еңбектері ұлтқа ғана емес, қазақ елін танып-білгісі келетін кез келген жанға рухани бағдар бола алатынын Артёмнің өмірінен де байқауға болады. Ол үшін Абай – тіл мен мәдениетті жақындастырған рухани ұстаз.
Бүгінде қатардағы жауынгер Артём Кудряшов әскери міндетін де жоғары жауапкершілікпен атқарып жүр. Қарауыл қызметін атқаратын жауынгер сеніп тапсырылған нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жауынгерлік міндетін абыроймен орындауда.


Еске салсақ, Мемлекет басшысы Абай күнімен құттықтады.