Президент жастардың ой-санасымен санасу керектігін айтты
Президент жастардың күш-қуаты мол, үміті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-сезімі өте жоғары екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
"Олар – бар ықыласымен болашаққа ұмтылатын отаншыл азаматтар. Дәл осындай өршіл ұстанымның арқасында еліміз талай рет алдынан шығатын сын-қатерлерді еңсеріп, қиындықтарды жеңері сөзсіз.
Жастардың қуанышы орынсыз, тіпті, оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың ой-пікірімен санасқан жөн. Жастар Отанымызға тек жақсылық тілейді. Бұл біздің қоғамымыздың жасампаздық рухын білдіреді.
Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн", - деді Президент.
Еске сала кетейік, бүгін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбатын жариялағанын жаздық.