Президент тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы заңға қол қойды
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», - делінген хабарламада.
Құжат бірнеше шараларды қарастырады, соның ішінде:
- тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану саласындағы лицензиялау жүйесін жетілдіру және біліктілік талаптарын айқындау;
- Ұлттық археологиялық қызметтің жұмыс істеу тәртібі мен археологиялық жұмыстарды үйлестіру құзыретін бекіту;
- археологиялық жұмыстар бойынша бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру;
тарихи-мәдени сараптама қорытындысын ескере отырып жер учаскелерін беру тәртібін нақтылау;
- археологиялық олжалар мен материалдарды табыстау, сақтау және пайдалану тәртібін, Ұлттық депозитарий құру арқылы реттеу;
жоспарлы және жоспардан тыс археологиялық жұмыстарды бөлу және оларды жүргізуге біркелкі талаптар енгізу.
Аталған өзгерістер археологиялық қызметті жүйелеуге және тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау кепілдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Бұған дейін Президент Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдаған болатын.