«Жастарға сенім, әскерге тәртіп»: депутат Президент сұхбатында көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдірді
Президенттің Turkistan газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында ел өміріне қатысты көптеген маңызды мәселелер көтерілді. Соның ішінде жастардың жағдайы, әскердегі тәртіп және алдағы жылдардағы ел дамуы туралы нақты ой айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі сұхбатымен танысқан Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Президент жастардың ел болашағына бейжай қарамайтынын атап өтті. Бүгінгі жастардың күші де, сенімі де бар. Кейде олардың ісі ересектерге түсініксіз көрінуі мүмкін. Бірақ жастар Қазақстанның дамығанын қалайды. Сондықтан олардың пікірін тыңдап, ойымен санасу қажет. Сонымен бірге, жастардың бос қиялға берілмей, өмірге тіке қарап, еңбек етіп, тәртіпке үйренуі тиіс екені айтылды.
Әскер мәселесіне қатысты Президенттің ұстанымы айқын. Бейбіт заманда сарбаздардың жарақат алуы немесе қаза болуына, әскерде бір-біріне қысым көрсетуге, ұруға, қорлауға, адамдарды бөліп қарауға жол берілмеуі керек. Армия тәртіпке негізделуі тиіс, ал командирлер сарбаздарға үлгі болуы қажет. Әскер жастарды қорқытатын емес, керісінше, оларды шыңдайтын орта болуы керек. Бүгінде әскерден келген жастарға тегін оқу мен мамандық алу мүмкіндігі беріліп отыр», - деді ол.
Депутат, сондай-ақ, Президент сұхбатында айтылған елдің дамуына қатысты бірқатар мәселелердің келер жылы қалай өрбитініне де тоқталды.
«Мемлекет басшысы алда саяси жаңару мен экономикалық өзгерістер жалғасатынын айтты. Ал цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу мемлекет басқаруын, білім беру мен медицина саласын дамытуға жол ашпақ. Бұл өзгерістердің нәтижесі 2026 жылға қарай сезіле бастайды.
Сонымен қатар сұхбатта «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы аталып өтті. Бұл бастама адамдарды жауапкершілікке, тәртіпке, елге жанашыр болуға шақырады. 2026 жылдың Халықаралық еріктілер жылы болып жариялануы осы бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын көрсетеді.
Жалпы алғанда, Президенттің сұхбаты елдің болашағы - жастарға, тәртіпті әскерге және жауапты қоғамға тікелей байланысты екенін көрсетті», - деп пікір білдірді депутат.
Еске салайық, бұдан бұрын Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланғаны туралы жаздық.