Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі инвестиция тарту және инвесторларды қолдау жүйесінде бірізділік жоқ екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты бір орталықтан үйлестіру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Жолдауында әлемде инвестиция үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайда жедел шешім қабылдап, жылдам әрекет ету маңызды.
«Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ. Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіру қажет екенін айтты.
Президенттің сөзінше, бүгінде бұл бағытта бірнеше мемлекеттік органға бірдей құзырет берілген. Мұндай тәсіл заман талабына сай келмейді.
«Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек. Себебі қазіргі таңда осы бағытта жүйе жоқ. Бірқатар мемлекеттік мекемеге бірдей құзыреттер берілген. Қазіргі жағдайда бұл тәсілдер заман талабына сай келмейді, әбден ескірген», – деді Президент.
Осы ретте Мемлекет басшысы инвестиция тарту жұмысына «Бәйтерек» холдингін белсендірек қатыстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Бәлкім, инвестицияға қатысты мәселелермен «Бәйтерек» холдингі белсендірек айналысқаны дұрыс шешім болар. Ал Экономика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін орындауды жалғастырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.