Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының орнықты даму мақсаттарына орай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған сессиясына жолдаған үндеуі жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жоғары мәртебелі! Құрметті делегаттар! Орнықты даму мақсаттарына сай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған алқалы жиында сөз сөйлеу – мен үшін зор мәртебе. Бұл айтулы уақиға еріктілердің рөлін күшейтуге, олардың ұлттық және жаһандық прогреске қосатын үлесін еселеуге бағытталған ортақ ұмтылысымызды көрсетеді.Қазақстан халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастық жасай отырып, осы бастаманы көтерді. Еріктілер қозғалысы Орнықты даму мақсаттарына жету жолындағы азаматтық белсенділік пен прогреске ықпал ететін ізгі амалдың жасампаздық қуатына айналарына кәміл сенеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргідей алмағайып заманда еріктілер адам өмірін сақтау, қиындыққа душар болған жандарға жәрдемдесу, қоғамдағы сенім мен ынтымақты нығайту арқылы аса маңызды миссия атқарып келе жатқанын айтты.
«БҰҰ Еріктілер бағдарламасы дүние жүзінің әр қиырында қызмет етеді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды бір мақсатқа жұмылдырады. Жер-жаһандағы миллиондаған адам Ұйымнан бөлек те волонтерлік қызметке атсалысады», - деді Президент.
Бұған дейін Президент дүние жүзі бойынша тікелей шетелдік инвестиция нөпірінің құлдырауының себептерін атағанын жаздық.