Президент азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі міндеттерді нақтылады – депутат
Астана қаласы мәслихатының депутаты Ләззат Разбекова Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген сұхбатында елдің әлеуметтік бағыттағы даму басымдықтарын айқындаған маңызды қоғамдық-саяси оқиға болғанын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі елдің әлеуметтік бағыттағы даму басымдықтарын айқындаған маңызды қоғамдық-саяси оқиға болды. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында Президент азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған негізгі міндеттерді нақтылады.
Негізгі назарда – еңбек адамы мен оның әл-ауқаты. Мемлекет басшысы өз сөздері мен сұхбаттарында экономикалық өсім халықтың нақты табысының артуына, жұмыспен қамтудың кеңеюіне және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне тікелей әсер етуі тиіс екенін үнемі атап өтеді. Лайықты еңбек жағдайларын жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу, отбасыларды қолдау және әлеуметтік осал топтарды қорғау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтары», - деді Ләззат Разбекова.
Мәслихат депутаты өңірлерді дамыту мәселесіне де айрықша мән берілгенін айтты.
Президенттің пікірінше, өңірлер арасындағы теңсіздікті азайтпайынша орнықты даму мүмкін емес. Инфрақұрылымды жаңғыртуға, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға, тұрғын үй құрылысына инвестиция салу азаматтар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастырудың және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің негізгі тетігі болып табылады.
Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі де ерекше атап өтілді.
«Медициналық көмектің сапасын арттыру, білім беру жүйесін жаңарту, жастар мен егде жастағы азаматтарды қолдау – барлығы өзара сабақтас әрі әділетті қоғам құруға бағытталған бірыңғай әлеуметтік саясаттың құрамдас бөліктері.
Мемлекет басшысы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудың маңызын атап өтті. Саяси реформаларды жалғастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтармен ашық диалог орнату қоғамдық келісім мен әлеуметтік бірліктің берік негізін қалайды.
Жалпы алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы экономикалық шешімдер ең алдымен адам игілігіне қызмет етуі тиіс деген қағидатқа негізделген әлеуметтік бағдарланған даму бағытын көрсетеді. Бүгінгі басты міндет – жарияланған әлеуметтік басымдықтардың нақты іспен жүзеге асуы және оның әрбір азаматтың өмірінен көрініс табуы», - деді депутат.
Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.