Полицейлер Каспий теңізіне батып бара жатқан жасөспірімді құтқарды
Ақтауда полицейлер суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалдыды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін, 12 қаңтар күні сағат 11:09 шамасында Ақтау қаласының теңіз жағалауында полиция қызметкерлеріне жасөспірімнің айналасындағыларға мән бермей, теңіз ортасына қарай бет алғаны туралы хабар түсті.
Ақтау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Абдурахим Сәтешов пен Азамат Қарабалаев оқиға орнына дереу жеткен. Жағдайдың аса қауіпті екенін көрген полицейлер бірден теңізге секірген. Тәуекелге бел буып, өздерінің жеке қауіпсіздігін елемеген олар жасөспірімді жағаға алып шығып, өмірін сақтап қалды.
«Полиция қызметкерлерінің шұғыл әрі батыл әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Қазіргі уақытта жасөспірімнің жағдайы қанағаттанарлық, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері күн сайын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кез келген жағдайда, тіпті өз өмірін қатерге тіге отырып, көмек көрсетуге дайын», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Талдықорғанда өрттен 7 бала құтқарылғанын жазған едік.