Павлодарлық 13 жастағы программист республикалық олимпиаданың ең жас жеңімпазы атанды

8 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Павлодарлық 13 жастағы программист республикалық олимпиаданың ең жас жеңімпазы атанды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Олимпиада жеңімпазы, павлодарлық 7-сынып оқушысы Имран Кусанов туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz

Имран Кусановтың бастауыш сыныптан-ақ компьютерлік бағдарламалауға, математикалық есептерге қызығушылығы жоғары. Әсіресе, информатика пәнінен ерекше алғырлық көрсетіп, алгоритмдік есептерді оңай шешеді. Биыл ол республикалық Ауыл олимпиадасында жасының кішілігіне қарамастан, 9-сынып оқушыларымен бірге сынға түсіп, нәтижесінде информатикадан 1-орын иеленді. Оның зеректігі мен есептерді шешудегі алғырлығы, ойлау қабілетінің жүйріктігі қазылар алқасын да таңғалдырып, ол олимпиаданың ең жас қатысушысы атанды. Имранның жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Соян Ертайдың 18 жылдық тәжірибесі бар.

«Мен ұстазыммен күнделікті дайындаламын. Олимпиадада алгоритмдік есептер, деректермен жұмыс және бағдарламалық шешімдер әзірлеу сынды күрделі тапсырмалар беріледі. Әр кезең мен үшін қызықты болды, тапсырмалар күрделенген сайын өзімді дамытуға ұмтылдым», - дейді жас дарын Имран Кусанов.

Айта кетерлігі, Имран осы олимпиадаға 5-сыныптан бері үзбей қатысып, жоғары сыныптардың есептерін шешіп келеді. Бұған дейін де ол жеңіс тұғырынан көрініп, 2,3-орындарды иеленген.

Еске салайық, бұдан бұрын елімізде 3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылатыны туралы жаздық.