Парламентті «Құрылтай» деп атау өте орынды – Сәдібек Түгел
Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист Сәдібек Түгел Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда айтқан Президенттің ұсыныстарына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекеттің даму жолында әрдайым өзгеріс, сілкініс болуы керек. Ал Қызылорда қаласында өткен биылғы Ұлттық құрылтайда сондай айшықты жаңалықтар көп болып жатыр.
Өзім бір кездері Парламентте жұмыс істеген адам ретінде айтар болсам, Мемлекет басшысының Сенатты қысқартып, бір палаталы Парламент құру ұсынысын қолдаймын. Соның ішінде Парламентті «Құрылтай» деп атау өте орынды. Ежелгі түркі заманында Құрылтай ақсүйектердің ресми кеңесі, кейінгі Қазақ хандығында аса маңызды мемлекеттік мәселелерді шешуге шақырылатын жиналыс болды. Енді осы Құрылтай еліміздің өсіп-өркендеуіне себеп болатынына мен кәміл сенемін. Ал бір палаталы Парламентте қоғам белсенділері тарапынан басында 150 депутаттың болуы ұсынылған еді, Президент 145 депутатқа тоқталған екен. Мен мұны ықшамды әрі тиімді сан деп есептеймін.
Бұдан былай депутаттарды сайлау кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Енді үміткерлер арасында зор бәсекелестік орнайды деп ойлаймын. Үкіметтен бастап, мемлекеттік ұйымдар Парламентке, яғни Құрылтайға қарап көш түзейді деп сенемін. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дипломатиялық әдістерімен халықты осыған әкеле жатыр. Бүгінгі іс-шара мені осындай жаңалықтарымен ерекше қуантты», - деді Сәдібек Түгел.
Сонымен қатар жазушы Мемлекет басшысының вице-президент институтын құру туралы ұсынысын да қолдайтынын жеткізді.
«Одан кейінгі жақсы жаңалық – Қасым-Жомарт Тоқаевтың вице-президент институтын құру туралы ұсынысы. Бұл – өркениетті елдердің тәжірибесінде бар. Президенттің жұмысын арнайы түрде атқаратын осынау институттың құрылуы да прогрессивті бастама деп есептеймін», - деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда келесі Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынған еді.