Өткен аптада елімізде бірқатар азық-түлік бағасы төмендеді
Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша апталық дефляция тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 24 маусым мен 1 шілде аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 99,9% болды.
«Өткен аптада 7 тауардың бағасы төмендеді. Қызанақ 8,5%-ға, қияр 8,3%-ға, жұмыртқа 1,5%-ға, алма 1,1%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балық 0,4%-ға, күнбағыс майы 0,2%-ға, айран 0,1%-ға арзандады. Ал күріш, нан және сүттің баға индексі тұрақты», делінген хабарламада.
21 тауардың бағасы шамалы өскен. Қырыққабат 7,9%-ға, пияз бен картоп 1,9%-ға, қант 1,6%-ға қымбаттады. Қалған тауарлар бойынша өсім 1%-дан төмен болды.
Өткен аптада төрт өңірде бағаның өсуі байқалды. Баға Ақмола облысында 0,2%, Атырау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 0,1% өскен. Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Жамбыл облыстарында баға индексі тұрақты.
Бағаның төмендеуі 12 өңірде тіркелді. Оның ішінде Қызылорда облысында 0,9%, Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай және Түркістан облыстарында 0,3%, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 0,2%, сондай-ақ Шымкент қаласында, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында 0,1%.
Министрліктің мәлімдеуінше, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бағаны бақылау және ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады. Жыл басынан бері делдалдарды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың 581 отырысы өткізілді, сауда үстемесінің шекті мөлшерін асырғаны үшін 2 434 әкімшілік қаулы шығарылды. Сондай-ақ 26,5 мыңнан астам тауар өткізу тізбегі талданып, оның нәтижесінде заңнама талаптарының бұзылуына қатысты 3 816 тәуекел анықталды.
Ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету жалғасады. «KTZ Express» АҚ арқылы ішкі нарыққа шамамен 28,9 мың тонна картоп, 8,6 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 0,2 мың тонна қырыққабат жеткізілді. Сонымен қатар қызанақ, қияр, жұмыртқа, күнбағыс майы және сиыр еті бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған меморандумдар күшінде.
Еске салсақ, маусым айында елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеді.