Қазақстанда жұмыс берушілер медбикелерді, автокөлік жүргізушілерін, тәрбиешілерді, математика мұғалімдерін, бухгалтерлер мен аспаздарды жиі іздейді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында Enbek.kz электронды еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының ең көп үлесі білім беру саласына тиесілі – 26,3%.
Одан кейін басқа қызмет түрлері (13%), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (8,5%), өңдеу өнеркәсібі (7,2%) және мемлекеттік басқару (6,8%) салалары орналасқан.
Жоғары білікті мамандар арасында әлеуметтік педагогтер мен мектеп психологтарына да сұраныс жоғары.
Жұмыс берушілер ұсынған бос орындардың 42,1%-ы орта деңгейдегі біліктілігі бар мамандарға арналған. Ал жоғары білікті қызметкерлерге арналған ұсыныстардың үлесі 32,7%-ды құрады. Арнайы біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар 25,2%-ға тең.
Өңірлер бойынша бос жұмыс орындарының ең көп үлесі Астана қаласында тіркелген – 8,7%. Одан кейін Алматы қаласы (8,4%), Қарағанды (6,8%), Түркістан (6,7%) және Павлодар (6,3%) облыстары тұр.
Айта кетейік, бұған дейін Еңбек министрлігі 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Enbek.kz платформасында 1 миллионнан астам бос жұмыс орны жарияланғанын хабарлаған болатын. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға көп.
Жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындары туралы толық ақпаратты Enbek.kz электронды еңбек биржасынан көре алады.