Онлайн-платформаларда педофилдер мен алаяқтар белсенді әрекет етеді – депутат
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке балалардың онлайн ойын платформаларын пайдалануын шектеу туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ата-аналар, педагогтер және халықаралық сарапшылар тарапынан Roblox ойынының балалар психикасына кері әсер етуі мүмкін екендігі туралы алаңдаушылық жиі көтерілуде. Атап айтқанда, виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, сондай-ақ жас ерекшелігіне сай келмейтін контентпен бетпе-бет келу фактілері кездеседі. «Ойыннан от шығар» демекші, балалардың психологиялық дамуына мұндай факторлардың әсері ұзақ мерзімді теріс салдарға әкелуі ықтимал.
Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар. Олардың тактикалары қарапайым, алайда хирургиялық дәлдікпен жасалатындай. Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен Roblox-тан Телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін», – деді Үнзила Шапақ.
Мәжіліс депутаты Roblox платформасының балалар қауіпсіздігіне, психологиялық дамуына және контенттің бақылаусыздығына байланысты бірқатар мемлекеттер қатаң шаралар қабылдап жатқанын айтты.
Атап айтқанда, Түркия, Катар, Ресей, Қытай, Иран, Солтүстік Корея және басқа да мемлекеттерде аталған платформа бұғатталды.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі шетелдік компаниялар Қытай көлігі арқылы азаматтарды бақылап отырғанын айтқан болатын.