Өндіріс ұжымдарының белсенділігі қуантады – Бибігүл Жексенбай
Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы елордалық штабының мүшелері «MTEX MANAGEMENT» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елордалық штаб мүшелерінің қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары - Бибігүл Жексенбай, Евгений Больгерт, Астана қалалық мәслихатының депутаты Давид Лория, AMANAT партиясының Астана қаласы Нұра аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Жақыпова және т.б. бар.
«Еліміз үшін тарихи оқиға қарсаңында кездесіп отырмыз. Қазір Қазақстанда ең ауқымды саяси науқан өтіп жатыр. Еліміздің болашағын айқындайтын жаңа Конституция жобасын талқылау және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өздеріңізге мәлім, 15 наурызда жалпыхалықтық референдум өтеді. Ата заңымыз неліктен дәл қазір өзгеріске түсіп отыр? Себебі бүгінгі кезең қарқынды өзгерістер заманы. Уақыт талабына сай даму үшін мемлекеттің басты құжаты да жаңғыруы қажет. Бұл – Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан ауқымды саяси реформалардың заңды жалғасы. Жаңа Конституция жобасы алғаш рет халықтық талқылауға ұсынылды. Қолданыстағы Ата заң белгілі заңгерлердің қатысуымен қабылданғаны белгілі. Ал бұл жолы жоба арнайы құрылған комиссияда қаралып, оның құрамында жүздеген сарапшы мен қоғам қайраткері жұмыс істеді. Мыңдаған ұсыныс түсіп, олардың басым бөлігі ескерілді. Комиссия жұмысы ашық форматта, онлайн түрде жүргізілді», - деді Бибігүл Жексенбай.

Жаңа модель бойынша бір палаталы парламент – Құрылтай құрылады.
«15 наурызда өтетін референдум – әр азаматтың ел болашағына бей-жай қарамай, өзінің азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды күн. Преамбуладан бастап адам құқықтары басты назарға алынған. Сөз бостандығы, адамның интеллектуалдық меншік құқықтарының қорғалуы, заң алдында теңдік қағидаттары нақты айқындалған. Сондай-ақ Құрылтай институтының енгізілуі, Халық кеңесінің құрылуы және оның заң шығару үдерісіне қатысу мүмкіндігі – Конституциялық деңгейде бекітіліп отырған маңызды жаңашылдықтар», - деді сенатор.
Отырыста қазіргі Конституция жобасын 130-дан астам сарапшы әзірлегені айтылды.
«Бүгінгі кездесуде халықтың белсенділігі ерекше байқалды. Конституция жобасымен танысып, әр бап бойынша сауалдар қойып, пікір білдіру – азаматтардың Ата заң тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Бұл – Конституцияның шын мәнінде халықтық сипат алып отырғанының дәлелі. Оның авторы тек заңгерлер мен қоғам қайраткерлері емес, бүкіл халық болып отырғанын көріп отырмыз. Осындай өндіріс ұжымдарының белсенділігі қуантады», - деді Бибігүл Жексенбай.