Олжас Бектенов пен Ираклий Кобахидзе қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жайын талқылады
Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездесті. Жиында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға назар аударылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сіздің ресми сапарыңыз екі ел арасындағы саяси диалогтің, өзара сенім мен берік әріптестіктің жоғары деңгейін айғақтай отырып, Қазақстан-Грузия қатынастарының серпінді дамуын көрсетеді. Кеше Сіз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен мазмұнды келіссөздер жүргіздіңіз. Қазақстан Грузияны Оңтүстік Кавказдағы, Қара теңіз аймағындағы сенімді дос әрі маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Қазақстан Үкіметі Грузия Үкіметімен диалог пен практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Қазақстан Грузия үшін негізгі серіктес болып саналатынын айтып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.
«Елдерімізді тарихи тұрғыдан достық қарым-қатынастар байланыстырады. Бұл – саяси және экономикалық байланыстарды нығайтудың берік негізі. Қазақстан Грузия үшін өте маңызды серіктес және біздің қарым-қатынасымыз біз үшін ерекше маңызға ие. Екі ел арасында стратегиялық серіктестік орнатылғанына қуаныштымыз. Біз Қазақстандағы жаңғырту үдерістерін мұқият бақылап отырмыз және барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түсетініне сенімдіміз», - деді Ираклий Кобахидзе.

Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды дамыту мақсатында тараптар экономиканың басым салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі шараларды талқылады. Технологиялық әріптестікті талқылау барысында жасанды интеллект саласындағы жобаларға ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия үкіметтерінің стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және барлық келешегі зор бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге әзірлігі расталды.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы өзара сауда көлемі $184,5 млн болды, ал осы жылдың қаңтар-сәуір айларында – $53 млн. Бүгінгі таңда қазақстандық нарықта грузин тарапының қатысуымен 600-ден астам компания жұмыс істейді, 14 ұйым «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген.