Мүслім Хасенов: Жаңа Конституция Қазақстанның өзіндік конституциялық моделін қалыптастырды
Астанада өткен «Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысында Гарвард университетінің Дэвис атындағы орыс және еуразиялық зерттеулер орталығының шақырылған профессоры Мүслім Хасенов жаңа Конституцияның ғылыми-құқықтық ерекшеліктеріне тоқталып, оның Қазақстанның дербес конституциялық моделін қалыптастырудағы рөліне баға берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мүслім Хасеновтің айтуынша, Конституцияны өзгертудің тәртібі – оның құқықтық философиясын айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі.
«Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі арқылы оның терең мазмұны мен философиясын түсінуге болады. Бұл жай ғана техникалық рәсім емес, конституциялық құрылыстың өзегі. Жаңа Конституцияға сәйкес, енді оған өзгеріс енгізу құқығы тек Қазақстан халқына тиесілі. Бұл – халықтың құқықтық субъектілігін арттырып, халық билігі қағидаты мен тікелей демократияны күшейтетін маңызды қадам», – деді профессор.
Оның айтуынша, әлемге белгілі конституциялық құқық саласының ғалымы, Техас университетінің профессоры Ричард Альберт те Қазақстандағы конституциялық реформаларға жоғары баға берген.
«Жақында Конституциялық соттың халықаралық конференциясында профессор Ричард Альберт сөз сөйлеп, Қазақстан халқын жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады. Ол еліміздегі реформаларды конституциялық дамудың маңызды кезеңі ретінде бағалады», – деді Мүслім Хасенов.
Спикердің пікірінше, жаңа Конституцияда Қазақстанның конституциялық бірегейлігі айқын көрініс тапқан.
«Конституциялық құқық теориясында "мәңгілік нормалар" ұғымы бар. Олар қандай жағдайда да өзгермейтін мемлекеттің іргелі құндылықтарын білдіреді. Қазақстан Конституциясында мұндай қағидаттарға мемлекеттің тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы, унитарлық құрылымы, басқару нысаны, Президенттің бір ғана жеті жылдық мерзімге сайлануы және Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметтерді атқаруына қойылған шектеулер жатады. Бұл – еліміздің жаңа конституциялық болмысын айқындайтын негізгі құндылықтар», – деді ол.
Мүслім Хасеновтің айтуынша, 1995 жылғы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі міндеттерді орындауға бағытталса, қазіргі Конституция кемелденген мемлекеттің жаңа даму кезеңіне негіз болды.
«Алғашқы Конституция өтпелі кезеңнің сұранысына жауап беріп, құқықтық тұрақтылық пен мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға қызмет етті. Ал бүгінгі Конституция Қазақстанның ұлттық ерекшелігіне негізделген өзіндік мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға жол ашты. Онда француз, неміс, америкалық және өзге де құқықтық жүйелердің үздік тәжірибелері ұлттық ерекшеліктерімізге бейімделіп енгізілген», – деді профессор.
Ол жаңа Конституция елдің тарихи тәжірибесінен алынған маңызды сабақтарды да ескергенін атап өтті.
«Біз Конституцияның тұрақты әрі берік болуы қажет деген қорытындыға келдік. Сондықтан енді оған өзгерістерді тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізу қарастырылған. Сонымен қатар биліктің шектен тыс шоғырлануына жол бермейтін нақты конституциялық кепілдіктер бекітілді. Мұның барлығы елімізде әділетті әрі орнықты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған», – деп түйіндеді Мүслім Хасенов.