Меруерт Балғынбаева: Ақмарал бағдарламаның күрделілігіне ерекше көңіл бөледі

Меруерт Балғынбаева: Ақмарал бағдарламаның күрделілігіне ерекше көңіл бөледі
Фото: Меруерт Балғынбаеваның жеке парақшасынан

Көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева 2026 жылы ресми түрде ересектер санатына ауысты. Отандасымыз 8-10 наурыз күндері аралығында елордада өткен Alem Cup халықаралық турнирінде бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды. Осы орайда Elordainfo.kz сайтының тілшісі Ақмаралдың жеке бапкері Меруерт Балғынбаевамен тілдесуді жөн көрді.

- Ақмарал Ерекешева ересектер арасындағы алғашқы халықаралық турнирінде 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Сіздің көңіліңізден қаншалықты шығады?

- Иә, жалпы нәтижеге көңілім толады. Әйтсе де  Alem Cup біз үшін негізгі старттардың қатарына жатпайды. Біз бұл жарысқа ең алдымен жаңа бағдарламаны жарыс жағдайында тексеру үшін қатыстық. Себебі, Ақмарал қазір шеберлер бағдарламасында өнер көрсетіп жатыр.

Осы жарыста бағдарламаның қалай орындалатынын көріп, белгілі бір қорытындылар жасадық. Әр жарыс бізге талдау жасап, қай тұстарды жетілдіру қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді.

Алда тағы бір турнир бар. Сол жерде бағдарламаны тағы бір рет тексереміз. Одан кейін Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу кезеңі саналатын 6 әлем кубогының сайыстары (28 наурыз – 12 шілде) басталады. Сол бәсекелерде бағдарламаны толық тұрақтандырып, жаңа элементтердің орындалуын нақты тексеруді жоспарлап отырмыз.

- Ақмаралдың жасөспірімдер арасында үздік болғаны анық. Ал ересектер арасында бейімделу деңгейі қалай жүріп жатыр?

- Ақмаралдың жасы өте қолайлы. Сондықтан бұл жерде асығудың да, процесті қолдан жылдамдатудың да қажеті жоқ. Біз бәрін біртіндеп, жоспарлы түрде күрделендіріп, жоғары деңгейге шығуды көздеп отырмыз.

Ақмаралдың әлеуеті өте жоғары. Оның әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуына барлық мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

Фото: Қанат Байұзақов

- 2026 жылы көркем гимнасшылар үшін басты жарыс – Азия ойындары. Одан кейін әлем чемпионаты мен Азия чемпионаты. Осы жарыстарға іріктеу қалай жүргізіледі? Сіздердің мақсаттарыңыз?

- 2026 жылы бізді маңызды жарыстар күтіп тұр. Соның ішінде Азия чемпионаты мен Азия ойындары бар. Азия чемпионаты 27-30 мамыр аралығында Қырғызстанда өтеді. Ал Жапониядағы Азия ойындары 1-3 қазан күндеріне жоспарланған.

Бұл жарыстарға дейін дайындалуға жеткілікті уақытымыз бар. Уақытты тиімді пайдаланып, жақсы дайындық жүргізіп, жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз.

- Ақмаралдың өзге спортшылардан ерекшелігін айта аласыз ба?

- Қазіргі таңда Ақмарал бағдарламаның күрделілігіне ерекше көңіл бөледі. Оның орындайтын элементтері өте күрделі әрі жоғары бағаланады. Бұл оның басты артықшылықтарының бірі.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Айта кетейік, көркем гимнастикадан Астанада өткен Alem Cup халықаралық турнирінде Ақмарал Ерекешева жеке сайыста екі дүркін чемпион атанды.