Мердігер ұйым өкілдеріне Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндірілді
Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері Нұрлан Өтешов пен Қанат Естек, Болат Смағұлов және Нұрлан Нұрмағанбетов мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының маңызды аспектілерін түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz коалицияның елорда филиалына сілтеме жасап.
Жиын барысында конституциялық реформаның мазмұны, оның қоғам өміріндегі рөлі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалар жөнінде айтылды. Сонымен қатар алдағы республикалық референдумның мәні түсіндіріліп, азаматтардың ел өміріндегі маңызды шешімдерге қатысу мүмкіндігі туралы сөз болды.
Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Өтешов конституциялық өзгерістердің өзектілігіне тоқталып өтті.
«Конституция – мемлекет өміріндегі негізгі құжат. Оның мазмұны қоғамның сұранысына сай болып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қызмет етуі тиіс. Сондықтан мұндай маңызды өзгерістер туралы халыққа кеңінен түсіндіру – ауқымды жұмыс», – деді Нұрлан Өтешов.
Өз кезегінде Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек те алдағы референдумның маңызына назар аударды.
«Референдум – азаматтардың ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге тікелей қатысуының бір көрінісі. Мұндай саяси науқандар қоғамда ашық пікір алмасуға және әр адамның өз көзқарасын білдіруіне мүмкіндік береді», – деді Қанат Естек.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жаңа Конституция жобасына қатысты пікір алмасты. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік алды.
