Мен 15 наурыздың еліміздің жаңа тарихында мәңгілік із қалдыратынына сенімдімін - Ерлан Қошанов
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Facebook-тегі парақшасында Жаңа Конституция жобасы бойынша өткізілетін республикалық референдумға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«2026 жылғы 15 наурызда халқымыз ел болашағы үшін тағдырлы таңдау жасап, Қуатты да Әділетті Қазақстанды құру жолындағы сенімді ілгерілеуге жаңа серпін береді.
Соңғы жылдардағы жағдайлар Қазақстан қоғамының санасында түбегейлі бетбұрыс болғанын айқын аңғартты. Барлық деңгейде жаңа саяси мәдениет қалыптасты. Оның басты көрінісі – азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы және мемлекеттің бүгінгісі мен ертеңі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға әзірлігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқарған алғашқы күндерінен бастап дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты билік пен қоғам арасында азаматтар үшін ең өзекті мәселелер бойынша кең ауқымды әрі кәсіби, өзара құрметке негізделген диалогтың берік іргетасына айналды.
Қоғамның саяси кемелденуінің айқын дәлелі – Жаңа Конституция жобасын әзірлеу төңірегінде өрбіген Жалпыұлттық диалог болды. Өкілді Конституциялық комиссия тікелей эфирде әрбір норманың мәнін жан-жақты түсіндіріп, азаматтарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша кері байланыс беріп отырды. Бұл жұмысқа Мәжіліс депутаттары да белсене қатысты. Мұндай теңдессіз ашықтық қоғамның сенімін нығайтып, комиссияның атына мыңдаған ұсыныс түсті. Соның нәтижесінде бүгін қоғамның ең өзекті сұраныстарына жауап беретін Конституция жобасы әзірленді. Құжат преамбуласынан бастап-ақ түсінікті әрі айқын тілмен жазылған, онда барша қазақстандықтарға ортақ құндылықтар көрініс тапты.
Қазірдің өзінде жаңа Ата заңның жобасын саяси партиялар, сарапшылар мен миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін қоғамдық ұйымдар қолдады. Ертең олардың бәрі Жаңа Конституциядағы әрбір жаңашыл норманың маңызын түсіндіру мақсатымен бүкіл ел бойынша жұмысты бастайды.
Мен 15 наурыздың еліміздің жаңа тарихында мәңгілік із қалдыратынына сенімдімін. Ол қоғамның бұрын-соңды болмаған бірлігінің және ұлттық рухтың биікке көтерілгенінің символына айналады», - деді Е.Қошанов.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойғаны туралы жаздық.