Мемлекет басшысы: Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасы өңірімізге тән идеологиялық субстанция
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда осындай пікір айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің пайымдауынша, Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атаудың артықтығы жоқ.
«Осы зияткерлік және рухани сабақтастық сан ғасырларды көктей өтіп, хакім Абайдың шығармаларынан көрініс тапты. Ұлы ойшыл «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы кемеңгер тұлға тәрбиелеудің формуласын ұсынды. Оның өзегінде «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» үштағаны тұр.
Сондықтан Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын табиғи түрде қалыптасқан, біздің өңірге тән идеологиялық субстанция ретінде атасақ, артық болмайды. Осынау рухани қазынаның бүкіл әлем үшін мән-маңызы зор. Бұл – біртұтас философиялық, идеологиялық мұра», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан осы идеялық құндылықтарды бағдар етуге және оны жан-жақты дәріптеуге ниетті екенін атап өтті. Сол үшін «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» ордендері мемлекеттік марапаттар тізіміне енгізілді.
«Бұл жоғары наградалар ғылым мен руханиятты дамытуға айрықша үлес қосқан тұлғаларға, соның ішінде шетелдік ғалымдарға, саяси және қоғам қайраткерлеріне табысталады.
Таяуда ғана елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің тұңғыш иегері атанды.
Осылайша, біз тарихи тағдыры ортақ туысқан халықтардың келешегі жолындағы ақыл-ой еңбегі мен ырысты ынтымақтың маңызды екенін айрықша атап көрсетеміз», - деді Президент.