МӘМС есебінен төленген ота үшін ақша алған дәрігердің ісі сотқа жолданды
Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысы бойынша департаменті алаяқтық және заңсыз материалдық сыйақы алу фактілері бойынша күдікке ілінген хирург-дәрігерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2023-2025 жылдары «Family Health Clinic» ЖШС мен «Ким В.» жеке кәсіпкерлігіне қарасты клиникада жұмыс істеген кезде пациенттерге варикоз ауруына жасалатын операциялардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін көрсетілетінін айтпай, қызмет ақысын өзінің банктік шоттарына қабылдап отырған.
Сонымен қатар пациенттерге медициналық көмек тегін көрсетілгені туралы мәліметтер DamuMed жүйесіне енгізіліп, соның негізінде медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы алған.
Осылайша, бір медициналық қызмет үшін төлем екі рет жүргізілген: біріншісі – МӘМС қаражаты есебінен, екіншісі – пациенттердің жеке қаражаты арқылы.
Тергеу барысында күдіктінің 42 пациенттен 8 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденгені анықталған. Ал көрсетілген медициналық қызметтер үшін медициналық ұйымдарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан 14,8 млн теңгеден астам қаржы аударылған.
Бұдан бөлек, дәрігердің қызметтік міндеттерін орындағаны үшін пациенттерден заңсыз ақшалай сыйақы алғаны да анықталған.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты елден кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Бұған дейін қазақстандықтар үшін МӘМС-тегі мәртебесі туралы ақпаратты алу оңайлайтынын жаздық.