Мал шаруашылығы күйреу алдында тұр – Мәжіліс депутаты дабыл қақты
Ауыл халқының мал шаруашылығымен айналысуына жағдай жасалмаған. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ерболат Сатыбалды Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Малдың 70-85 пайызы ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын шаруа қожалықтарының қолында. Алайда қазіргі таңда ауылдағы қарапайым халық мал ұстауға мүдделі емес. Себебі жем-шөп бағасы шарықтаған, ауылдықтар несие мен субсидияға қол жеткізе алмай отыр, өнімді өткізетін тиімді нарық жоқ, сатып алу жүйесі алыпсатарлардың уысында, олар бағаны өздері белгілейді. Бұл жағдай ауылдағы еңбек құнсызданып, қала мен ауыл арасындағы табыс алшақтығы тереңдеп бара жатқанын айқын көрсетеді. Нәтижесінде ауыл тұрғынының мал шаруашылығымен айналысуға деген ынтасы төмендеп, тұтас бір сала күйреу алдында тұр. Сондықтан әсіресе кіші шаруашылықтарға кооперация құру – кезек күттірмейтін мәселе», - деді Ерболат Сатыбалды.
Мәжіліс депутатының сөзінше, кооперация болған жағдайда әр ауылда ортақ техника мен жем-шөп базасы, мал сою және сақтау пункттері, өнімді нарыққа жеткізу тізбегі қалыптасар еді.
«Мұндай жүйе еңбек өнімділігін арттырып, ауыл тұрғынының табысын тұрақты етеді», - деді ол.
Бұған дейін депутат Жарқынбек Амантайұлының тренингтер азаматтарға рухани, психологиялық және қаржылық зиян келтіріп отырғанын айтқанын жаздық.