Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды
Бүгін магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды, ол 10 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 1 маусым мен 8 шілде аралығында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізілді.
Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 61 мыңнан астам өтініш (2025 жылы – 51 мың) қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық» бар.
«Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электронды форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады. Шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша – кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл», делінген хабарламада.
Бейінді магистратураға түсуге ниеттілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл.
Тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда онлайн апелляция беруге болады. Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция 7 жұмыс күні ішінде қарастырылады, одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Естеріңізге сала кетсек, магистратурада оқу үшін 2026 жылы 11 мыңға жуық грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.
Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-18 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттарды қабылдау 28 тамызға дейін дейін жүргізіледі.
Еске сала кетсек, Үкімет алдағы оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлді.