Мәдениет және өнер саласына 3 662 оқушы мен студент қабылданды
Жаңа оқу жылында мәдениет және өнер саласындағы білім беру ұйымдарына 3 662 оқушы мен студент қабылданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бұл былтырғы көрсеткіштен 10%-ға көп. Сонымен қатар мамандар даярлау бағыттары кеңейіп, Солтүстік Қазақстан облысында ашылған Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің жаңа өкілдігіне қосымша гранттар бөлінді.
Биыл шығармашылық білім беру ұйымдарында екі жаңа білім беру бағдарламасы ашылды. Қазақ ұлттық өнер университетінде алғаш рет «Инклюзивті театр әртісі» бағдарламасы бойынша талапкерлер қабылданып, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде эстрада жанрының әртістерін даярлау басталды.
«Инклюзивті театр әртісі» бағдарламасына Астана қаласының әкімдігі 26 грант бөлді. Ал эстрада-цирк колледжіндегі жаңа білім беру бағдарламасына 13 оқушы қабылданды.
Өңірлерде де шығармашылық білім алу мүмкіндігі артып келеді. Солтүстік Қазақстан облысында Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігінің ашылуына байланысты мемлекеттік тапсырыс бойынша 100 грант бөлінді.
Жаңа оқу жылындағы қабылдау қорытындысы бойынша талапкерлер режиссура, театр және музыка өнері бағыттарын көбірек таңдаған. Сондай-ақ арт-менеджмент, өнертану, дизайн, аудиовизуалды өндіріс, кино және телевизия, сценография мамандықтарына сұраныс жоғары екені анықталды, - делінген хабарламада.
Мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 1 747 грант бөлінді. Гранттар бакалавриат, магистратура, докторантура, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын қамтиды.
Қазір мәдениет және өнер саласындағы білім беру ұйымдарында 11 мыңнан астам адам білім алып жүр. Төрт жоғары оқу орны мен жеті колледжде 223 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады.
Еске салсақ, Петропавлда Қазақ ұлттық өнер университетінің өңірлік өкілдігі ашылды.