Мәдениет саласының өкілдері Конституцияның жаңа жобасын талқылады

Мәдениет саласының өкілдері Конституцияның жаңа жобасын талқылады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада кәсіби мәдени қауымдастық өкілдері Конституцияның жаңа жобасы талқылады. Іс-шара жаңартылған заңның негізгі ережелерін жан-жақты қарастыруға бағытталған кең ауқымды қоғамдық диалог алаңына айналды, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, мемлекеттік мәдениет, өнер, архив және білім беру саласындағы мекемелердің басшылары мен мамандары қатысты.

Іс-шара барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және қоғамның рухани құндылықтарын нығайту мәселелерін қамтитын конституциялық өзгерістерге қатысты негізгі қағидалар айтылды.

Конституция негізін жаңарту жағдайында қоғамдық сананы қалыптастыруда, азаматтық жауапкершілікті дамытуда және ұлттық бірегейлікті нығайтуда мәдениет пен гуманитарлық саланың рөліне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланованың айтуынша, Конституцияның жаңа редакциясының жобасы елдің одан әрі дамуы үшін стратегиялық маңызға ие және мәдени мұраны сақтау саласында заманауи технологияларды қолдануға жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Конституцияның жаңа жобасы – бұл жай ғана кезекті құжат емес, мемлекет пен азамат арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің негізі. Біздің еліміз үшін бұл – айрықша маңызды кезең. Бүгінде мәдениет саласының өкілдері болашақ ұрпаққа мәдени және тарихи мұраны сақтау мен жеткізу бағытында, соның ішінде Конституцияның 3 және 40-баптарында көзделген цифрлық шешімдер мен жаңа технологияларды қолдана отырып, белсенді жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысы жариялаған Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында біз негізгі заң талаптарын заманауи құралдар мен тәсілдерді пайдалана отырып, жүйелі түрде іске асырып келеміз», – деді ол.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын бірауыздан қолдап, оның өзектілігін, қоғамдық сұранысқа қажеттігін және елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталғанын сөз етті.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігінде Конституцияның жаңа жобасы талқыланғанын жаздық.