«Көшпенділер ізімен»: Қазақ суретшілері Моңғолияда халықаралық экспедицияға қатысты
Маңғыстау облысының алты кәсіби суретшісі Моңғолияда өткен ART EXPEDITION – MONGOLIA 2026 «Көшпенділер ізімен» халықаралық арт-экспедициясына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық жоба көшпелі өркениеттің тарихы мен мәдениетін зерделеуге, суретшілер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға және кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған.
Экспедиция барысында қазақстандық суретшілер Ұлан-Батыр қаласында, Тэрэлж ұлттық паркінде, Архангай аймағында, Орхон алқабы мен Гоби шөлінде пленэр өткізді.

Шығармашылық жобаға Моңғолияның кәсіби суретшілері мен халықаралық өнер қауымдастығының өкілдері де қатысты. Қатысушылар Моңғолияның табиғатын бейнелеп, елдің көшпенділер мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүрі және тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.
Бағдарлама аясында суретшілер көркемөнер галереялары мен ұлттық музейлерді аралап, екі елдің өнер өкілдері өзара шығармашылық ізденістерін ортаға салды. Қазақ және моңғол суретшілері арасында кәсіби тәжірибе алмасу мен жаңа шығармашылық байланыстар орнады.
ART EXPEDITION – MONGOLIA 2026 жобасы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Астанадағы тұрғын үй кешенінің қасбетіне «Таңсәрі» муралы салынғанын жазғанбыз.