Конституциялық реформа аясында UMC дәрігерлерімен кездесу өтті
Астанада жаңа Конституция нормаларын түсіндіру бойынша University Medical Center корпоративтік қорының еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиынға AMANAT партиясының Астана қаласы «Есіл» аудандық филиалының төрағасы, «Есіл» ауданы бойынша коалиция штабының басшысы Санира Жүсіпова, саясаттанушы Әйгерім Серікжанова мен University Medical Center корпоративтік қорының басшылығы мен ұжымы қатысты.
Іс-шара барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері кеңінен түсіндіріліп, алдағы өзгерістердің басым бағыттары талқыланды. Сондай-ақ конституциялық реформаның әлеуметтік саланың және денсаулық сақтау жүйесінің дамуына ықпалы туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Елорданың «Есіл» ауданы бойынша коалиция штабының басшысы Санира Жүсіпованың айтуынша, жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістер қатарында вице-президент институты, бір палаталы парламент және Халықтық кеңестің енгізілуі.
«Жаңа Конституция жобасындағы бір палаталы парламент бізге халықпен жылдам жұмыс істеуге, яғни оның қажеттіліктерін жедел шешу үшін қажет. Алғашқы Конституцияны жазу үшін шағын топ еңбек етсе, қазіргі таңда 120 адам Конституциялық кеңес құрамында жұмыс істеді. Әрбір саланың өкілі - білім, медицина, блогер, заңгер, Мәжіліс, Сенат депутаттары, әрбір аймақтың мәслихат депутаттары, төрағалары қатысты. Олар шалғайдағы ауыл халқының үнін жеткізді. Біз жаңашылдыққа құмармыз, жаңа технологиямен жұмыс істегіміз келеді. Олай болса, еліміздің негізгі құжатына заман талабына сай өзгерістер енгізуіміз қажет. Сондықтан 15 наурыз күні жаңа болашақ үшін, жаңа ұрпақ үшін баршаңызды референдумға қатысып, атсалысуға шақырамын», - деді ол.

Саясаттанушы Әйгерім Серікжанова еліміздің даму векторының өзгергені жаңа Конституцияда көрініс тапқанын жеткізді.
«Қазақстан білімге, ғылымға, инновацияға ерекше назар аударып, адами капиталды бірінші кезекке қоятын мемлекет ретінде дамуды таңдап отыр. Саяси реформаларды жүзеге асыру - ол мемлекеттік жүйенің бірден бір міндеті. Жалпы бүгінгі күні біз халықаралық құқықтық нормалардың, халықаралық ұйымдардың кей мәселелерге қатысты әлсіздігін көріп отырмыз. Осы орайда халқымыз ішкі ынтымақ пен бірлігімізге, өзіміздің құқықтық нормаларымызға сеніп, құрметтеуді бірінші кезекке қою керек деп санаймын», - деді спикер.

University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пя бұл оқиға тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды сәттің бірі екенін атап өтті.
«Дәрігер ретінде медицина саласына үлкен көңіл бөлінетіні мен үшін өте маңызды. Дәл осы жаңа Конституция арқылы Қазақстанның денсаулық сақтау саласының даму мүмкіндіктері, тек UMC қызметкерлеріне ғана емес, жалпы еліміздің денсаулық сақтау саласын халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік береді», - деді Юрий Пя.
Жиын ашық сұрақ-жауап форматына ұласып, қатысушылар көкейіндегі сауалдарын қойды. Спикерлер әр сауалға нақты әрі мазмұнды жауап берді.
