Конституцияда балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше назар аударылған – Айдын Сапарханов

Бүгін, 16:59
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Конституцияда балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше назар аударылған – Айдын Сапарханов
Фото: Айдын Сапархановтың жеке мұрағатынан

Жаңа Конституция жобасына қатысты жеңіл атлетикадан Астана қаласының аға жаттықтырушысы Айдын Сапарханов пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Конституция жобасында балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше назар аударылуы – болашақ ұрпақтың денсаулығы мен ел спортының стратегиялық дамуына жасалған маңызды қадам. Құжатта жаттықтырушылар мен мамандарды сапалы даярлау, заманауи инфрақұрылымды жетілдіру және түрлі деңгейдегі жарыстарды тұрақты өткізу мәселелері қарастырылған. Мемлекет жас таланттарды ерте анықтап, оларды жүйелі қолдауды қамтамасыз етуге бағыт алады. Бұл ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер теңдігін арттырып, әрбір дарынды балаға өз қабілетін толық ашуға жол береді. Спорт мектептері мен секциялардың қолжетімді болуы – ұлт саулығын нығайтудың да кепілі.Жас спортшылар – елдің ертеңгі чемпиондары, халықаралық ареналарда көк туымызды желбірететін болашақ мақтаныштарымыз. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау спорттық бәсекеге қабілеттілікті күшейтіп қана қоймай, отансүйгіштік рухты да қалыптастырады», - деді Айдын Сапарханов.

Бұған дейін Конституциялық комиссияда жаңа Ата заңды бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынылды.