Кендебай Адамбек: Астана – мемлекетіміздегі цифрландырудан көшбасшы қала
Мемлекет басшысы өз сұхбатында биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болатынын нық айтты. Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Адамбек Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Turkistan газетіне берген сұхбатына орай осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жасыратыны жоқ, Мемлекет басшысының осы сұхбатын тосып жүрдім. Календарлы жыл басы болғандықтан, күзгі Жолдаудан кейін елдің алдағы даму жолын тағы да бір айқындап қойған - жақсы үрдіс. Онымен қоса биыл халықтың әлеуетіне әсер ететін біршама кодекстер мен заңдар күшіне енді (Салық кодексі, Құрылыс кодексі, Банктер және банк қызметі туралы заң, т.б.).
Бұл тұрғыда Президент ағымдағы жылы саяси өзгерістердің жаңа кезеңі басталатынын, экономикалық реформалар жалғасын табатынын атап өтті», - деп әуелі Президент сұхбатының маңыздылығына тоқталып өтті депутат.
Бұдан соң Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы ретінде Кендебай Сарыбайұлы цифрландыру мәселесі туралы пікірін білдірді.
«Осы жылды Президент Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағандықтан, Астана қаласының әкімдігі мен мәслихаты елорданың цифрландырудан мемлекетте көшбасшы болуына жете көңіл бөліп отыр.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 31 қаңтардағы Smart City жобасы аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) озық тәжірибесін енгізу жөніндегі хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында, 2025 жылғы 14 ақпанда «Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы» мемлекеттік мекемесі, «Астана Innovations» акционерлік қоғамы және жеке әріптес – Presight AI Ltd компаниясы арасында «Астана қаласы үшін жасанды интеллект базасында қалалық инфрақұрылымды басқару шешімі» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру туралы шартқа қол қойылды.
Қазіргі уақытта «Астана қаласындағы фото-бейнефиксациялар және бейнесараптау аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және пайдалану» ескі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында құрылған инфрақұрылым жеке әріптеске табысталды. Бұл бағытта қолдау және жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.
Жеке әріптес ұсынған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының жабдықтарын монтаждау және баптау жұмыстарын жүргізу жоспар-кестесіне сәйкес, жабдық орнатылатын объектілердің энергиямен жабдықтау ұйымдарынан, байланыс операторларынан және меншік иелерінен рұқсат беру құжаттамасын алу шаралары жүргізілуде.
2025 жылдың 30 сәуірінен бастап коммутациялық жабдықтарды орнату, қуат кабельдерін және талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту бойынша монтаждау жұмыстары басталды.
2025 жылдың 30 мамырынан бастап қала бойынша АБК және жалпы бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары да іске асырылуда. Жалпы, қала бойынша 20 мыңнан астам жаңа интеллектуалды видеобақылау камералары орнатылады.
Сонымен қатар әкімдік Ахуал орталығын құру бойынша жобалық құжаттаманы әзірледі. Бүгінде жеке әріптес құрылыс жұмыстарын аяқтап қалды. Бұл орталықта жасанды интеллект негізінде 15-тен астам республикалық және қалалық жүйелер енеді. Осының негізінде нақты уақытта басқарушылық шешімдер қабылданып, қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға қол жеткіземіз.
Жоба бойынша қалалық 100 серверлік тіреулі деректерді өңдеу орталығының құрылысы жүріп жатыр.
Осы жұмыстарды ескере келе мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының нысаны 2026 жылы өндірістік пайдалануға енгізіледі деп жоспарланып отыр», - деді Кендебай Адамбек.
Еске салайық, бұдан бұрын Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланғаны туралы жаздық.