Астана қаласы әкімдігінің №110 жалпы орта білім беретін мектебі - 2025 жылы салынған заманауи білім ордасы. Мектеп - қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасына қойылатын барлық талаптарға сай, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бүгінгі таңда мұнда 3202 оқушы білім алып жатыр. Мектеп директоры Маржан Макашеваның айтуынша, бұл ата-аналардың жоғары сенімін және мектептің беделін айғақтайды.
«Мектептегі оқыту тілі - мемлекеттік және орыс тілдері. Оқу-тәрбие процесі жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағытта ұйымдастырылады. Мектепте білім алушылардың сапалы білім алуына және тұлғалық дамуына барлық жағдай жасалған», - дейді мектеп директоры.

Мектеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. 99 оқу кабинеті; дене шынықтыру сабақтарын және спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін 4 кең спортзал; мерекелік және мәдени іс-шараларды өткізуге арналған, мультимедиялық техникамен жабдықталған 459 орындық рәсім залы; оқушылар мен қызметкерлерге арналған 500 орындық асхана бар.
«Оқу процесінде 136 білікті педагог қызмет атқарады. Олар үшін басты мақсат – тек білім беру ғана емес, сонымен қатар белсенді, шығармашыл және жауапты тұлғаны тәрбиелеу.
Мектепте 6-14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілеттерін зерттеу және дамыту жоспарланған. Бұл бағыт балалардың табиғи қабілеттерін ерте жастан анықтап, таланттарын ашуға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта ғылымға, өнерге және спортқа қызығушылықты арттыруға бағытталған қосымша білім беру жүйесі ұйымдастырылады. STEM, робототехника, химия, биология, физика, технология кабинеттері мен кітапхана заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті оқыту құралдарымен қамтамасыз етілген», - деді Маржан Солтанбекқызы.

Оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру үшін мектепте үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Атап айтқанда, домбыра, дауыс қою және ән айту, театр, дебат, робототехника, бағдарланған дрон сияқты үйірмелер; баскетбол (ұлдар), волейбол (қыздар), футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, каратэ сияқты спорттық секциялар бар. Сондай-ақ ерекше білімді қажет ететін оқушыларға бағытталған «Жүректен жүрекке» атты жоба балаларды музыкаға баулу мақсатында жұмыс істеп жатыр.
Білім ордасы басшысының айтуынша, мектептің миссиясы - заманауи білім мен технологияны меңгерген, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтейтін, инженерлік және шығармашылық ойлауға қабілетті, ел болашағына жауапты тұлға тәрбиелеу. Оған халықаралық, республикалық және қалалық сайыстарда биік тұғырдан көрініп жүрген шәкірттердің жеңістері дәлел.
Мектептің басты ерекшелігі - ыңғайлы, қауіпсіз және шабыттандыратын оқу ортасы болуында. Мұнда әрбір бала өзіне деген сенімділік, қолдау мен қамқорлықты сезінеді.